Қарағанды облысында «Алтын адамды» тапқан археологтар өз олжаларын сенсацияға балап отыр
Қарағанды облысының Талды-2 көмбесіндегі қазба жұмыстары кезінде табылған олжа шынында да жаңалық әрі сенсация.
Бұл туралы экспедиция жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Арман Бейсенов баспасөз мәслихатында мәлім етті.
«Табылған қорғанда жерленген сақ жауынгерін «алтын адам» деген атаумен атап отыр». «Бұл бір мезгілде әрі билеуші әрі жауынгер болған сыңайлы, - деп жорамал жасайды ғалым. - Адамның кеудесі толықтай алтынмен апталған. Бұндай көсемнің тұлғасының өзі күнге теңелген. Бұл «күн билеушісі» іспеттес болған сияқты».
Қорым жеті қорғаннан құралған екен. Олардың көбі ежелгі замандарда-ақ тоналып кеткен, дейді ғалым. «Ені 30 метр, ұзындығы 2,1 метр болатын бесінші қорғанда ғана бірегей олжаларды таптық. Оның ішінен біз 130 жеке алтын бұйымдарын, сонымен қатар алтыннан жасалған көптеген інжу-маржандар мен қабыршақтарды таптық. Сонымен қатар жебенің 14 қоладан жасалған ұшы, тас моншақтар табылды. Алтын бұйымдардың арасында мысық жыртқышының тамаша мүсіндері, жебелерді белде тағынып жүруге арналған бел оқшантайлары, сырғалар, алқалар мен тағы басқа да бұйымдар анықталды», - дейді А.Бейсенов.
Сонымен қатар, археолог ғалымдардың тапқан олжасы - қазына емес екендігін мәлім етті. «Бұл ғылыми жұмыс. Мен - кәсіпқой археологпын, қазына іздеуші емеспін. Біз мәдениет тарихының жәдігерлерін зерттеушілерміз», - деп атап өтті экспедиция жетекшісі. Оның айтуынша, ескерткіш жыл санауға дейінгі VI-V ғасырларға жатады. Талды-2 қорымы Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында Аманжолов атындағы ауылға жақын жерде орналасқан.
ҚазАқпарат