| |
Құрметті әріптестер, мәртебелі меймандар, қадірменді достар!
Біз көп ойлана келе былай деп шештік: қазір ғаламдық дағдарыс, қысылтаяң уақыт... бірақ оның өзі тіршілікке жаңа тыныс берер көгілдір көктемге тоқтау бола алмайды. Міне, ә дегенше Сәуірдің соңғы аптасы да келіп қапты, ендеше біз сіздерге сегізінші рет: дүниенің дауылына қарамай әсем алма ағаштар гүл жарған арайлы Алматыға қош келдіңіздер дейміз, Еуразиялық Медиа Форум өз жұмысын бастайды!
Былтыр сәуірде қоштаса тұрып, біздің Форумның қатысушылары мен қонақтары ғаламды таяу болашақта қандай сындар күтіп тұрғанынан мүлдем бейхабар болатын.
Сегізінші Еуразиялық Медиа Форум өз жұмысын әлемде орын алған, турасын айтқанда, аса күрделі жағдайда бастағалы отыр. Бүгінгі ғаламдық дағдарыс экономикалық, қаржылық, шаруашылық қызметтің түп-тамырын шайқалтуда. Әлемдік экономика соңғы он жылдың ішінде бұрын болып көрмеген құлдырауды бастан кешуде, ал күні кеше өзіміз жеңістерімен мақтанған жаһандану әлемнің ауқатты елдерінде орын алған дағдарыстың ғаламдық аумақты шарпуына әкелді. Соңғы жылдары қуанарлық жаңалықтардың көп боламағаны рас. Қазірде дос-жарандар мен таныстар кездесе қалса, дағдарыс пен қиыншылықтардан басқа айтар әңгіме қалмағандай.
Алайда, бүгінгі күннің айрықша екендігіне сенімдімін. Өйткені, біз бүгін осынау залда тағы да кездесіп, сегізінші Медиа Форумның ашылуына жиналып отырмыз. Осыншама достарымыздың әлемді шарпыған дағдарыстар мен экономикалық қиындықтарға қарамастан шартараптан жиналып, көкейкесті ойларын бізбен бөлісіп, ортаға салу үшін тағы да осы залда басқосуының өзі ерекше маңызды емес пе?! Сол үшін Сіздерге жүрекжарды алғысымды білдіремін! Қымбатты достар, сіздердің әсем қаламызға келген қадамдарыңыз құтты болсын! Алматыға қош келдіңіздер!
Құрметті әріптестер, қымбатты достар!
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Медиа Форумға көрсетіп келе жатқан қамқорлығы мен ықылас-ниеті, біздің ортақ ісіміз бен күш-жігерімізді жоғары бағалағаны үшін шын жүректен алғыс білдіруге рұхсат етіңіздер!
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевқа мазмұнды баяндамасы үшін ризашылығымды білдіргім келеді!
Еуразиялық Медиа Форумның қысқа да мағыналы тарихында ғаламдық саясат пен экономикадағы өзгерістер дәл бүгіндегідей өзекті болған емес. Және бұл үрдістермен қабаттаса жүрер оқиғалар да дәл мұндай шиеленісті болмаған.
Қапқаздағы тамыз оқиғасы, талқандалған Газа аумағы, Ирактағы аяқталмай отырған соғыс, соңғы кездері ішінара Пәкістанды да шарпып ушыға түскен Ауғанстандағы қақтығыстар, сомалилік қарақшылардың бассыздығы, Мумбайдағы ондаған адамды қаныпезерлікпен атып өлтіру... Бұл қайғылы оқиғалар тізімін жалғастыра беруге болады.
Күн сайынғы жаңалықтар тағы да пайда болған шиеленіс ошақтары туралы тынбай жеткізуде. Өлім, зорлық-зомбылық тіпті мектеп пен бала бақшаны да айналып өтпейтін болды. Жүрек сыздап, жаның ауырады. Санаға келер жалғыз сұрақ сол баяғы – неге? Былтырғы жыл, өкінішке орай, әскери қақтығыстарға кенде болған жоқ. Ұрыс қимылдарының бұқаралық ақпарат құралдарында шынайы да боямасыз көрініс табу мәселесі биылғы Форумның басты назарында болатындығы да сондықтан. Өкінішке орай, соғыс өрті тұтанған аймақтар мен әскери қақтығыстар орнынан берілетін репортаждардың, мейлі ол Оңтүстік Осетия немесе Таяу Шығыс болсын, көп ретте қарама-қайшылықтарға толы және біржақты көзқарасқа негізделетінін байқау қиын емес. Бұл жәйттің де Форум аясында салмақты пікірталасқа негіз болары даусыз.
Айлар бойы әлемдік БАҚ назарын тіккен АҚШ-тағы сайлау Барак Обаманың жеңісімен аяқталды. Бақылаушы біткен мұны тарихта бұрын-соңды болмаған айтулы оқиға деп бағалауда. Баяғысынша әлемнің аса қуатты мемлекеті болып отырған АҚШ-тың сыртқы саясатының түйінді өзгерістерге ұшырайтындығы, экономикалық бағыттың да түпкілікті қайта қаралатындығы туралы көп айтылды. Олай болса, бұл тақырыптың да Форум аясында қозғалмай қалмасы анық.
Бүгінде АҚШ Ирактан өз әскерін әкететіндігі туралы жиі айтылуда. Ауғанстандағы жағдай ушыға түсуде, ал Батыстың коалициялық күштерін әкетудің алғышарттары әлі жасалған жоқ. Бұл Ауғанстан мен Ирактың аймақтық көршілері болып табылатын мемлекеттер үшін алаңдаушылық туғызар мәселе: АҚШ пен НАТО әскері бұл елдерден кеткен күнде не болады? Пәкістандағы жағдай қандай болмақ, бұл елдің Үндістанмен арадағы онсыз да мәз емес қарым-қатынасы қалай дамиды? Ашығын айтқанда, бұл сұрақтар бізді қатты толғандырады, алайда осынау түйткілді сауалдарға мардымды жауап берер ешкімді көрмей тұрмыз. Үлкен жиырмалықтың Лондондағы сәуір кездесуінің қарсаңында Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Дэвид Милибанд ғаламдағы бақуатты елдердің басшыларының басқосуында бірөрісті әлем өмір сүруін тоқтатады дегенді айтқан болатын.
Newsweek Internationalдың бас редакторы, әріптесіміз Фарид Закария өзінің «Болашақтағы постамерикандық әлем» атты кітабында «Күштердің арасалмағы өзгерді: Америка бұрынғы басымдылығынан айрылуда. Бірақ бұл антиамерикандық әлемге аяқ бастық деген сөз емес. Біз санқилы орталықтар мен көптеген тұлғалар арқылы басқарылатын постамерикандық дүниеге беттедік» деген ойды айтады.
Көп өрісті әлемге өту – әлемдік суперорталықтың жеке дара үстемдігінің жоғалуы ғана емес. Бұл – қауіпсіздік пен экономика саласындағы ғаламдық жауапкершілікті бірнеше ойыншының өзара қайта бөлісуі деген сөз. Олар мұндай жауапкершілікті көтеруге дайын ба? Міне, мәселенің үлкені қайда? Бұл жерде қызыл сөздің пайдасы болмасы анық. Әлемдегі беделді саясаткерлер мен сарапшылардың айтуынша, бүгінгі дүниенің басты түйткілі – саяси және экономикалық субъектілердің жаппай сенімнен айрылуы. Сенімді жоғалту – дағдарыстың басты салдары және оны ушықтыратын басты кілтипан. Мәселен, Қытай мемлекеттік кеңесінің премьері Вэнь Цзябао мырзаның өз еліне тиесілі американдық активтердің қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіруін үлкен саясат деп қана емес, әлемдегі ірі экономикалардың арасындағы сенім дағдарысының айқын сипаты деп түсінген абзал. АҚШ президенті Барак Обаманың шетелдік инвесторлар американдық мемлекеттік қағаздарға салған қаржыларына алаңдамасын деп мәлімдеуі – бұл да селкеу түскен сенімді орнына келтірудің бір амалы.
Қайталаудан тартынбаймын, бұны мен тағы да қайталап айтуға дайынмын - тек тұрақты, көпарналы ғаламдық диалог қана әлемдік саясат пен экономикадағы сенім теңдестігін қалпына келтіре алады. Және көз алдымызда күнде туындап жатқандай, жаңа қақтығыстар мен кикілжіңдерге жол бермеуімізге мүмкіндік береді.
Міне, бүгін тағы да әсем Алматыда Еуразиялық өркениеттер үндестігі дәстүрінің мәңгілік маңызына тоқталатын боламыз. Иә, тек баяндап қоймаймыз. Біздің Медиа Форум осы үндесуге тұрақты қызмет ететін, Еуразияның ортақ ақпараттық кеңістігін қалыптастыруға ықпал етуші маңызды орталықтың бірі екеніне сенімдемін. Мен оны Өркениеттердің өзара түсіністік кеңістігі деп те атар едім.
Бүгінде бастан өткеріп жатқан тарихи кезеңнің астарында экономикалық қиындықтармен бірге идеологиялық тауқыметтердің де жатқанын мойындамау мүмкін емес. Көз алдымызда құндылығын жоғалтпаса да, күні кеше ешқандай дау туғызбаған адами құндылықтар сыннан өтуде. Меніңше, қарсы алдында абдырап қалатындай жаңа мәдени-тарихи және саяси ахуал орнады. Осы тұрғыдан алғанда нәтижелі пікірталас қажет-ақ.
Ғаламдық дағдарыс, сондай-ақ, зердеге сын. Сонымен қатар дамуға, өзін-өзі жетілдіруге қозғаушы күш. Дүниеге басқаша қарауға себін тигізеді.
Қазіргі дағдарыстың тағы бір ерекшелігі – кез келген жаңалық дүниенің бір шетінен екінші шетіне қас-қағымда жетіп, миллиондаған адамдардың еншісіне айналатын ғаламдық коммуникациялар дәуірінде өтіп отырғандығы. Сіздер мен біздер кәсіби маман ретінде мұның көп ретте нақты ахуалға сәйкес келмейтін мазасыздық пен үнемі үрей күткен алаңдаушылық туғызатынын жақсы білеміз. Дағдарыс тұсында ең жаманы да осы – абыржушылыққа бой алдырып, орынсыз дүрлігу. Әңгімені қайырар болсақ, әлемдік БАҚ дағдарыс болмаса да, үлкен өзгерісті бастан кешіруде. Газеттер мен журналдардың таралымы құлдырауда, телеарналардың рейтингтері төмендеп, жарнамалық табыстары азаюда. Керісінше, қазір виртуалдық кеңістікте туған жанрлардың дәурені жүріп тұр. Мәселен, интернет-газеттер беттеріндегі, пікірсайыс форумдарындағы жасырын авторлардың түсініктемелері сұранысқа ие. Интернет-бейне құрылымдарға деген қызығушылық та арта түсуде. Көпшіліктің жанды журналдар мен блогтарға қызығушылығы орасан. Міне, қарап отырсақ, бұл құбылыстың да пісіп-жетілгендігін мойындайтын уақыт жеткен сияқты.
Биылғы Форумның талқысына ұсынылатын тақырып ауқымы осындай. Бүгінгі мазасыз уақыттың түрлі толқыныстары тудырған тақырыптар бұл.
Медиа Форумға қатысушылардың бәрін күнтәртібіндегі басты мәселелер төңірегінде әділ де ашық және қызығушылықпен, мүдделілікпен пікіралмасуға шақырамын!
Құрметті әріптестер, мәртебелі қонақтар, достар! Сегізінші Еуразиялық Медиа Форум жұмысын ашық деп жариялаймын!
|
|