ЖАҢАЛЫҚТАР
19/01/2012
Ауғанстанда әлемдегі ең үлкен Құран жарық көрді
Ауғанстанда көркемделген әлемдегі ең үлкен Құранды жасап шығарды.

19/01/2012
Байқоңыр ғарыш айлағында «Прогресс М-14М» зымыранын ұшыру бойынша дайындық жұмыстары қайта жанданды
Байқоңыр ғарыш айлағында жақын уақыттарға белгіленген ұшыруларға дайындық қайта жанданды, деп хабарлайды Роскосмос және «Южный» ғарыш орталығының баспасөз қызметі.

19/01/2012
«KazSat-3» ғарыш аппараты штаттық пайдалануға 2014 жылы көшеді
Қазақстанда Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында ғарыш саласы дамып келеді. Ұлттық ғарыш агенттігі толыққанды ғарыш саласын құру үшін нақты инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда.

19/01/2012
Қазақ жарнама және PR агенттігі ашылды
Астана қаласында «Тарлан» Қазақ жарнама және PR агенттігін ашылды. Оның бас директоры белгілі журналист, жазушы Жангелді Естенбаев.

19/01/2012
Түркиялық Сұлтан Көсен - әлемдегі ең ұзын Адам
Түркиялық Сұлтан Көсен 2010 жылғы Гиннестің рекордтар кітабына 2 м. 46,5 см бойымен енген болатын, қазіргі таңда оның бойы мен қол-аяғы әлі де өсу үстінде.

ӨРКЕНИЕТТІҢ АЛТЫН ҚАЗЫҒЫ

ӨРКЕНИЕТТІҢ АЛТЫН ҚАЗЫҒЫ

Ғылым-білім, мәдениет пен өнер саласындағы талантты жастарды қолдауда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қоры орасан зор жұмысты атқарып отыр.

Өйткені, Қазақ елінің атын үшінші мыңжылдық тарихына жазатын, аға толқынның ғылым мен мәдениеттегі өрелі жолын лайықты жалғастыратын да осы бүгінгі толқын - жастар болмақ.

"Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қоры" қоғамдық қорының атқарушы директоры Бектас МҰХАМЕДЖАНОВПЕН әңгімеміз де осы тұрғыда өрбіген.

- Бектас Ғафурұлы, алдымен еліміздің тұңғыш Президенті қорының мақсаты мен міндеттеріне тоқталып өтсеңіз.

- Қор қызметінің негізгі мақсаты - Қазақстан мемлекеттігін нығайтуға, отансүйгіштікті қалыптастыруға, қоғамымыздың әрі қарай демократияландырылуына, еліміздің мәдени, экономикалық және саяси саладағы халықаралық байланыстарының одан әрі дамуына атсалысу.

Қазақстанның ішкі саясаты мен халықаралық аренада жеткен жетістіктерін еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен байланыстырамыз. Н.Ә.Назарбаев жаңа қазақ мемлекеттігінің қалыптасуына, халықтар достығын нығайтуға, еуропалық және азиялық мәдени байланыстар мен экономикалық қарым-қатынастардың үйлесімді дамуына үлкен үлес қосты. Міне, осы тұрғыдан алғанда, еліміздің тұңғыш Президентінің әлемдік деңгейдегі саясаткер ретіндегі тұлғасын ашып көрсету, оның сан қырлы қызметін ғылыми тұрғыда сараптау және насихаттау мақсатындағы шараларды ұйымдастыру қордың басты міндеттерінің бірі болып табылады десем, бүгінде қор тарапынан сан-салалы жұмыстар қолға алынып, атқарылған шаралар аз емес. Атап айтқанда, былтыр мамыр айында Қазақстанның, Ресей, Қытай, АҚШ, Израиль, Үндістан, Германия және т.б. елдердің ғалымдары, қоғам қайраткерлері, саяси және іскер топтарының өкілдері қатысуымен Парламент үйінде "Н.Назарбаевтың еуразиялық доктринасы: Шығыс пен Батыстың сұхбаты" атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Осы ғылыми жиынның жұмыс қорытындылары бойынша еуразиялық интеграцияның тиімділігін арттыру жөнінде бірқатар ұсыныстар дүниеге келді. Конференция материалдарына арналып жинақ әзірленді.

Қор жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтымен бірлесіп Орталық Азия-Каспий аймағында қауіпсіздік пен ынтымақтастық мәселелері жөнінде (ҚР СІМ бірлесіп АӨСШК мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің қатысуымен) алғашқы форумды өткіздік. Форум жұмысы ұйымдастырушылар мен қатысушылар тарапынан жақсы бағаланды. "Қазақстан Республикасының стратегиясындағы ұлттық, аймақтық және ғаламдық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері" (ҚР Қауіпсіздік кеңесінің қатысуымен, ҚР Парламент Сенатының халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетімен бірлесіп), "Әлемдік экономиканың ғаламдану және аймақтық жағдайындағы Орталық Азия мемлекеттері ұлттық экономикасының даму концепциясы", "Әлемдік және аймақтық державалардың стратегиялары және Орталық Азия мен Каспий жағалауы елдерінің мүдделері", "Саяси бәсекелестік және партиялық құрылыс: ортақтастығы және ерекшелігі" тақырыбында дөңгелек үстелдер өткізді. Экономикалық даму мәселелері кеңінен қозғалып, жан-жақты талқыланған қазақстандық әлеуметтік-экономикалық ақпарат және болжамдау институтымен бірге ұйымдастырылған "Посткеңестік кеңістіктегі саяси жаңару" тақырыбындағы халықаралық конференция мамандардың белсене қатысуымен өткендігін айтуға болады.

Бүгінде халықаралық қауымдастықтың алаңдаушылығын туғызып отырған мәселенің бірі - ауған жерінде бейбіт тіршілік пен тұрақтылық орнықтыру жайы. Жылдарға жүк болып келе жатқан осынау жағдайға байланысты тақауда ғана "Ауғанстан айналасындағы аймақтық қауіпсіздік: лаңкестікпен күрес қаншалықты нәтижелі?" атты халықаралық конференция өткіздік. Әлемнің бірқатар елдерінен келген белгілі сарапшылардың қатысуымен жоғары деңгейде өткен бұл жиын "Халықаралық бейбітшілік үшін" Карнеги қорымен бірлесіп жүргізген алғашқы жұмыстарымыздың бірі. Міне, қордың халықаралық қарым-қатынастар және алыс-жақын шет елдердегі жетекші ғылыми, сараптамалық мекемелермен өзара байланыстарды қалыптастыру, халықаралық ынтымақтастық, бейбітшілік пен тұрақтылық ісіне үлес қосу бағытындағы арналы жұмысының бір сарасы осындай.

- Әлем экономикасын шарпыған қазіргі дағдарыс жағдайында ғылым-білімді қолдаудың маңызы тіпті ерекше ғой.

- Өткен жылы ЮНЕСКО-ның ұйымдастыруымен өткен Білім конференциясына қатысушылар адамзаттың басын біріктіретін - білім ғана деген байлам жасады. Иә, білім-ғылымның адамзат қауымдастығының болашағы үшін атқарар рөлін ештеңемен салыстыру мүмкін емес. Қазақстанның тұрақты дамуы үшін еліміздің алдында тұрған ауқымды міндеттерді, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыратын, бүгінгі бастамаларды ертеңге апаратын заманауи біліммен қаруланған озық ойлы, білікті мамандар қажет. Мықты маман болып, өмірдің сан кетігін бүтіндер ақылды, дарынды, талапты жастарымыз аз емес. Мәселе, солардың алғашқы қадамына қолдау көрсетіп, көмек жасауда. Осы мақсатта Қор жанынан республикамызда және шет елдердегі ғылыми-зерттеу орталықтарында жұмыс істейтін отандық ғалымдардан кеңес құрылды. Қызметінің басты бағыты - мемлекеттік ғылыми-техникалық және инновациялық саясаттың маңызды мәселелері жөнінде ұсынымдар дайындау болып табылатын Жас ғалымдар кеңесі ғылымды дамытуға, оны алға апарар талантты жастардың ғылымға келуіне қамқорлық жасау мақсатында бірқатар бағдарламаларды жүзеге асырады. Соның бірі, еліміздегі ғылыми ұйымдар мен жетекші жоғары оқу орындарының жас ғалымдарының іргелі және қолданбалы ғылым салаларындағы зерттеу жұмыстары үшін берілетін гранттар байқауы болып табылады. Байқау жыл сайын өткізіледі, оған келіп түскен жұмыстар белгілі ғалымдар мен сарапшы мамандардан құралған сараптау комиссиясының мұқият қарауынан өтеді, қолданбалы сипаттағы жұмыстардың авторларымен кездесулер өткізіледі. Жеңімпаздарға гранттар тапсырылады, ал ең үздік зерттеулер үшін Президент қорының арнайы сыйлығы тағайындалған.

Мұндағы мақсатымыз - жастардың ғылымға деген ынта-ықыласын, кәсіби біліктілігі мен шығармашылық қабілетін арттыруға қолдау көрсету, сол арқылы еліміздің интеллектуалдық әлеуетін көтеру ісіне қызмет ету. Республикамыздың жоғары оқу орындарында студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысу белсенділігін арттыру, жастарды нақты ғылыми-зерттеу, сараптау, әлеуметтік және бизнес-жобаларға тарту. Яғни, гранттар алу үшін үздік жұмыстарға жарияланатын байқаулар - бұл дарынды жастарды табу, іріктеу, олардың тұлғалық және кәсіби тұрғыда көрінуіне, өсуіне жол ашу, сонымен қатар еліміздің даму болашағы үшін құнды, бағалы идеяларды ынталандыру, алға апару мүмкіндігі болып табылады.

Студент-жастар мен жас ғалымдар белсенділігінің артып, қатысушылар қатарының жылдан жылға көбейе түскендігі байқаудың қаншалық маңызды және қажетті екендігін көрсетеді. Байқаудың былтырғы қорытындысы бойынша 60-тан астам адам жеңімпаз атанып, грантқа ие болды. Былтыр 12 желтоқсанда табиғи және қоғамдық ғылымдар саласындағы үздік зерттеулер, жаңашылдығымен және дарындылығымен ерекшеленген шығармашылық жұмыстар үшін жас ғалымдар мен мәдениет және өнер қайраткерлері арасында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қорының сыйлығына жарияланған 2008 жылғы байқау өз мәресіне жетіп, сыйлық иегерлерінің есімдері анықталды.

Жастар шығармашылығына қолдау көрсетудің тағы бір қырына тоқтала кеткен жөн. "Ақылдың елден қашуы" деген мәселенің кез келген мемлекеттің болашағы үшін қауіпті екені түсінікті. Бұл жәйттің біздің елімізге де қатысы барлығын жоққа шығара алмаймыз. Осы тұрғыда, салдарына тікелей әсер етпегенмен де қор өзінің қолдау-көмегі арқылы бұл мәселенің себебін азайтуға, яғни дарынды жастардың ғылыми-шығармашылық ізденісін ұштауға өзіндік ықпал етуде деуге болады. Мәселен, аталған байқауларға қатысушылардың қай-қайсысы болсын еліміз өміріндегі нақты бір өзекті мәселелерге байланысты жан-жақты зерттеулер жүргізеді, шешу жолдарын өзінше негіздеп ұсынады. Жақсы идеялар жоба күйінде қалмайды, міндетті түрде жүзеге асырылады. Осылайша, байқау дарынды жастарға ізденіс ізсіз кетпейтіндігін, бағалы идеялар еленбей қалмайтындығын көрсетті. Өз елінің тағдыры мен болашағына бейжай қарай алмайтын әрбір адамның ой-арманы, талап-тілегі қашанда өз биігінен орын табатындығын сезіндірді деп ойлаймын.

Ғылым өрісін кеңейтуге бағытталған шаралардың қатарында былтыр мамыр айында қордың ұйымдастыруымен өткен халықаралық жастар форумын айтуға болады. Жүздеген жас ғалымдар қатысқан бұл ғылыми жиын тақырып ауқымдығын, талқыға түскен мәселелердің өзектілігін, еліміз бен шет елдік ғылыми ортаның белсенді ынтымақтастық байланыстарының нәтижелілігін көрсетті. Форум аясында студенттердің табиғи және қоғамдық ғылымдар бойынша үздік ғылыми жұмыстары байқауының жеңімпаздары марапатталды. Бұл шаралар кеңес жұмысының үлкен бір бағыты. Сонымен қатар, өз қызметі аясында жүргізген әлеуметтік зерттеулер негізінде жас ғалымдар кеңесі ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер мен баспасөз конференцияларын ұйымдастырып, семинарлар мен тренингтер және жастардың ғылым-білімге қызығушылығын арттыруға бағытталған басқа да шараларды жүзеге асыруда.

- Қашанда қалдық принципімен қаржыландырылып келген мәдениет пен өнердің қазірдегі халі қаншалық екені түсінікті. Өркениеттің осынау асыл қазығына қор тарапынан қандай қолдау бар?

Қай қоғамда да мәдениет пен өнер қолдау-көмекке мұқтаж. Сондықтан өнердегі жастарға қамқорлық жасау мақсатында қор жанында шығармашыл жастар кеңесі жұмыс істейді. Кеңестің құрамына республикамыздағы сәулетшілер, кинематографистер, дизайнерлер, жазушылар, суретшілер және басқа да шығармашылық одақтардың өкілдері кіреді. Кеңес түрлі көрмелер, байқаулар, фестивальдар мен концерттер, көрермендер конференцияларын ұйымдастырады.

Өнер мен мәдениет саласындағы жас таланттарды қолдау бағдарламасының аясында қор шығармашылық жобаларды қолдауға берілетін гранттар, елімізде және шет жерлерде өтетін салалық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға, симпозиумдар мен семинарларға, шығармашылық байқауларға, фестивальдарға, концерттерге, шеберлік дәрістеріне, көрмелерге қатысуға мүмкіндік беретін "Іс-сапарларға гранттар", сондай-ақ жаңашылдығымен, өзіндік ізденіс-өресімен танылған талантты шығармаларға, бағдарламаларға, жобаларға Президент қорының сыйлығы байқауларын өткізіп келеді.

Шығармашылық жобаларды жүзеге асыруға берілетін гранттарды жеңіп алу үшін жыл сайын ұйымдастырылатын байқау мәдениет пен өнердегі жас таланттарды қолдау және ынталандыру, болашақ кино және телевидение мамандарының кәсіби біліктілігін жетілдіру, сонымен қатар отандық аудиобейне өнімдерінің сапасын жақсарту мақсатын көздейді. Осы тақауда ғана Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 5-ші курсының 17 студентіне дипломдық жобаға гранттар тапсырылды. Яғни, студенттердің дипломдық жұмыстарын жүзеге асыруына қаржылық қолдау жасалады.

- Қайырымдылық ұғымы бүгінде қайсыбір компаниялардың өзіндік мүддесін көздеген кезекті бір шаралардың жамылғысына айналған сияқты...

-Өкінішке орай, мұқтаж жандарға көмек, қайырым бұл сөздің нағыз мағынасындағыдай ізгі ниеттен емес, коммерциялық мақсатпен немесе бірмезеттік акция ретінде жасалатын жағдайлар аз емес. Қоғамның бүгінгі сипаты осындай. Алайда, бұдан шынайы қамқорлықтың үлгісі боларлық қайырымдылық шаралары жасалмай жатыр деген ой тумаса керек. Кәсіпкерлер тарапынан жасалып жатқан мұндай шаралардың талай мысалын естіп те, көріп те жүрміз. Ал, тікелей қорға қатысты айтар болсам, бұл тұрғыда атқарылып жатқан шаралар сан алуан. Жоғарыда айтып өткен ғылым мен мәдениет саласындағы дарынды жастарды қолдаудан басқа, жетімдерге, ата-анасының қарауынсыз қалған жеткіншектерге, мүмкіндігі шектеулі балаларға жан-жақты көмектен бастап, балалар үйлерінің, денсаулық сақтау және мәдениет мекемелерінің мұқтаждықтарын түгендеу және т.т. Қор құрылған күннен бері бұл бағытта атқарылған шаралардың бәрін тізіп шығу мүмкін емес, және ол мақсат та емес. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қайырымдылық - қор қызметінің өзегі деуге болады.

-Дәстүрге айналған Әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесінің де негізінде осы қайырымдылық жатыр емес пе?

-Иә, жәрмеңкеде үкіметтің қолы жетпей жатқан маңызды да өзекті мәселелерді көтерген жобаларға қаржылай көмек беріледі. Міне, сондықтан біз үшін жәрмеңкенің мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тетігінің құрамдас бір бөлігі ретінде қарастырылатындығы маңызды. Осылайша, жәрмеңке Президенттің Қазақстан халқына үндеуінің негізінде мемлекеттік әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін пайдалануға мүмкіндік береді. Былтыр жәрмеңкеге түскен 174 өтініштің 134-і байқауға қатысты. Жеңімпаз болып танылған жобаларды жүзеге асыруға 12 388 712 теңге қаржы бөлінді.Тұңғыш Президент қорының ұйымдастыруымен Мәдениет және ақпарат министрлігі және Жаңа саясат халықаралық институтымен бірлесіп наурыз айында Алматыда өткен дәстүрлі жәрмеңке биыл "Халық денсаулығы - Қазақстан байлығы" тақырыбына арналды. Жәрмеңке аясында әлеуметтік өзекті тақырыптарға арналған дөңгелек үстелдер, шеберлік дәрістері өткізілді. Бағдарлама жәрмеңкеге қатысушылардың бұл шаралардың қай-қайсысына болсын қатыса алуына зор мүмкіндік берді деп айтуға толық негіз бар.

- Әңгімеңізге рахмет. Қордың қоғам игілігі жолындағы ізгі қызметіне табыстар тілейміз.

Авторы: Әңгімелескен Рымтай Сағынбекова, журналист.

«Егемен Казакстан», 31.03